Қызылордада бір ай бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды
Ер адам қыркүйектің басында автокөлігімен Нұр-Сұлтанға шығып, сол күйі жоғалып кеткен еді
Адам жоғалу фактісіне сәйкес, 12 қыркүйекте ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталған, деп хабарлайды zakon.kz.
"Қылмыстық іс аясында жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары, ТЖД қызметкерлері, Ұлттық Ұлан сарбаздары, жоғалған азаматтың туыстары, достары мен еріктілер бірнеше мобильді топтарды тарта отырып, жоғалған адамды іздеу бойынша жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Іздеуге арнайы техника мен тікұшақ жұмылдырылды», - деп хабарлады полицейлер.
Нәтижесінде 19 қазанда "Қызылорда – Жезқазған" тас жолының 128 шақырымында жеңіл автокөлік пен із-түзсіз жоғалған ер адамға тиесілі жеке заттар табылды.
22 қазанда "Қызылорда – Жезқазған" трассасының аумағын аралау кезінде батысқа қарай 30-40 шақырым жерден белгісіз азаматтың денесі табылды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы мен ТЖД қызметкерлері оқиға орнын тексеріп жатыр.