Байерлік бизнес: Түркиямен бизнестің қыр-сырын үйретемін деген коуч-мотиватор әр адамнан 700 мың теңгеден алған
Белгілі продюсер Мақпал Қаратайқызының үстінен 40-қа жуық қыз арыз түсірген
Түркияда жүрген қазақстандық дилетант коуч-мотиваторлардың курсына барып алданып, әуежайда үйлеріне қайта алмай жүрген отандастарымыз заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұрап, дабыл қағуда. Қазір байерлік курс өткізіп жүрген Динара Қосжанның үстінен қылмыстық іс ашылған. Бір кездері продюсерлікпен айналысқан тележүргізуші Мақпал Қаратайқызының да үстінен 40-қа жуық қыз арыз түсірген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне белгілі заңгер Айгүл Орынбек айтып берді.
ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАРДЫ ҰРЫП-СОҒЫП, БӨЛМЕГЕ ҚАМАҒАН
Заңгер Айгүл Орынбек сөз басында «Стамбұлмен бизнес» курсына деп әр адамнан 700 мың теңгеге дейін алған коуч-мотиваторлар барын айтып өтті.
«Түркияда оқитын студент қыз бүгін таңғы сағат бестен бері «Стамбұлмен бизнес» деген топпен барған қыздарға араша сұрайды. Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі мынау жырақта жылап жүрген қыздарымызға араша болса екен. Заңгерлерге жүгініп жатқан қыздарға қоқан-лоқы көрсету басталыпты. «Стамбұлмен бизнес» курсына деп әр адамнан 700 мың теңгеден алған Ұлдана Ерқасымқызы курстың нашар екенін айтып, қарсы шыққан Ақгүл Мұратқызын ұрып-cоғып, телефонын тартып алып, бөлмеге қамап тастаған», - дейді заңгер.
Ол өз сөзінде Мақпал Қаратайқызының үстінен арыз жазған 40-тан астам қыз алғаш өзінен көмек сұрағанын айтып өтті.
«Қыздар 100-150 мыңнан курсын сатып алған. Айтуларынша, ақшаның жартысына сабақ өткен, жартысына «5000 теңгелік сөмкелерді 25000 теңгеге сатыңдар» деген. Бірақ ол сөмкелердің Қазақстандағы бағалары – 7 000 теңге», - деді заңгер.
Коучтардың көбі курстарын сатқан кезде халыққа ешнәрсені ашып айтпайды дейді.
«Бірінші ақшаны аударасың, содан кейін ғана саған қандай тауар келетінін айтады. Наразылықтың бәрі осының салдарынан туындап жатыр. Себебі курсқа қатысып, ақшаларын аударғанға дейін заттың сапасы, бағасы, қаншаға алып, қаншаға сататындары туралы ақпарат берілмеген. Видеода, тікелей эфирлерінде әдемі болып көрінген, өмірде бәрі басқаша. Өздері төлеген ақшаларын шығара алмай отыр. Бастапқыда «салған ақшаларыңды шығарып аласыңдар» деп айтқан.
Кейіннен Мақпал Қаратай медиаторын маған жіберді. Ақшаны менен емес, халықтан алған екен, жәбірленушілерге қайтарсын дедім. Кейбіреулер курсты бөліп төлеу арқылы несиеге алған. Медиаторлар келіншектер отырған ортақ чатқа кіріп, әйелдермен келісімге келіпті. Ақшаларын заттай беретін болыпты», - деді заңгер.
ДИНАРА ҚОСЖАН НЕ ДЕП АЛДАДЫ?
Байерлік бизнес деген пирамида сияқты, бір-бірін шақырып бара береді дейді маман. Қазақ қыздарын Түркияға шақырып алып, далада қалдырғандардың бірі – Динара Қосжан есімді кәсіпкер-мотиватор.
«Динара Қосжан «Түркияға келсеңдер зауыт-фабрикаға апарамыз, күніне 100 мыңдап табасыңдар» деген. Динараға алданғандар курсты 200 мың теңгеге алған. Курс бағасында «Түркияға келгендегі қонақ үйлерің мен таңғы астарың кіреді» деген. Бірақ барған кезде қонақ үй болмаған. Жол шығынын қыздар өздері төлеген. Бастапқыда айтылған уәделер болмағаннан кейін ұрыс басталған. Қыздар төленген ақшаның кері қайтарылуын талап еткен, екінші жақ оны орындаудан бас тартқан. Сонымен бір-бірінің үстінен арыз жазған. Кеше түнде сол қыздардың біразы бір-бірімен төбелесіп полиция бөлімінде жүр. Маған адам шошырлық видеолар келді. Қазақтың қыздарының шетелде осылай масқара болып жүргені жаныма батады. Сол себепті қазір тегін құқықтық кеңес берумен айналысып жатырмын. Мұндай алаяқтық тренинг өткізіп жүрген бір-екі адам қамалмай, тоқтамайды», - дейді Айгүл Орынбек.
ҚЫЗДАРДЫҢ БІРІН ЛИФТІДЕ ЗОРЛАМАҚ БОЛҒАН
Курс алғандардың ішінде 18 жастағы студент қыздар да бар көрінеді.
«Курсқа қатысушылардың арасында 18 жастағы студент қыздар да бар. Олардың ата-аналары қыздарының Түркияда қаңғып жүргенінен бейхабар. Сол қыздардың бірін құлдыққа сатып жіберсе не болмақ?! Ешкім ешқандай келісімшарт жасамаған, қолдарында чектері ғана бар. Өз құқын білетін әрбір Қазақстан азаматы арыз жазса, Конституцияның 190-бабы бойынша қылмыстық іс ашылу керек. Халық көп жағдайда қорқып, өз құқын білмегендіктен арыз жазбайды. Түркияда құлдыққа сатылғандар бар, сол жақтан Сирия асып кеткендер де жетерлік. Кеше бір қызды лифтіде зорламақшы болған. Ақтаулық бір апайдың айтуынша көз алдында 18 жастағы қызды көкала қойдай қылып ұрып, басы күп болып ісіп, іріңдеп кеткен», - дейді заңгер.
Ол сөзін жалғай отырып, тиісті органдарға арыз жазу керектігін айрықша қозғап өтті.
«Динарадан алданып, қоқан-лоқы көріп жүрген қыздар ештеңеден қорықпай Маңғыстау полиция департаментіне барып арыз жазыңыздар! Технология дамыған заманда, «мен сені үйтіп жіберемін, бүйтіп жіберемін» деген қорқытулар жүрмейтінін естеріңізге салғым келеді. Тағы да басқа коуч, психологтарға алданып, тауарын, ақшасын ала алмай жүргендер болса, шұғыл түрде арыз жазыңыздар! Заң бәрімізге ортақ! Халық арыз жазбаса, құзырлы органдар қылмыстық істі өздігінен ашпайды!» - деді заңгер.
ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРДЫҢ ЖАУАБЫ
Аталған мәселе бойынша «Azattyq Rýhy» тілшісі еліміздің Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне хабарласты.
«Аталған жағдайды СІМ өз назарына алды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатыр», - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияр.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі де бұл жағдай Ерлан Тұрғымбаевтың назарында екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуі тиіс. Егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын болса, прокурордың рұқсатымен тиісті мәліметтер рұқсат етілген көлемде жариялануы мүмкiн», - деді ІІМ баспасөз қызметі.
Айжан Бақдаулетқызы, Алматы