Түркістанда мәслихаттың экс-депутаты кафеде ақша төлеуден бас тартып, төбелес шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам өзін «депутат және бандит» деп таныстырған

Түркістан облысы мәслихатының экс-депутаты Ғани Меңдібаев қаладағы түнгі ойын-сауық мекемелерінің бірінде есеп төлеуден бас тартып төбелес шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған фактіге байланысты Түркістан облысы Полиция департаменті түсініктеме беріп, видеодағы ер адамның бұрын қалалық мәслихатта депутат болғанын растады. Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаның 17 қазанға қараған түні болғаны хабарланды. Тәртіп бұзушыны тыныштандыру үшін мекеме қызметкерлері құқық қорғау органына хабарласқан.

«Оқиға орнына полиция жасағы шықты. Келген бетте тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның есеп төлеуден бас тартқанын анықтады. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материал сотқа жолданады. Сондай-ақ, ер адамның бұрын қалалық мәслихат депутаты болғаны және осы жылдың наурыз айында өкілеттілігін өткізгені анықталды», - деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.