Екі көлік бетпе-бет келіп соқтығысқан
Түркістан облысындағы Жетісай-Шардара автожолында екі көлік бетпе-бет соғысып, алты адам қаза болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«16 қазан күні сағат 19:14 шамасында Шардара аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімі 102 пультіне жол апаты туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер облыстық маңызы бар Жетісай-Шардара автожолының 172-шақырымында Opel Vectra автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Audi-100 автокөлігімен соқтығысқанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан апат орнында жеңіл көліктердің жүргізушілері мен төрт жолаушы қаза тапты, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Ал алты жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді», - делінген ведомство хабарламасында.
Аталған жайт ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан Жол жүрісі және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша Шардара аудандық ПБ СДТБТ-ге тіркелді. Тергеумен Түркістан облысы ПД анықтаушылары айналысуда. Бірқатар сараптама тағайындалды.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталатын болады. Осы тұста ескерте кететін жайт, жедел-тергеу тобы оқиға орнын мұқият зерделеу кезінде, аталмыш автожолда қандай да бір заңбұзушылықтар жоқ екенін анықтады. Яғни, жүргізушілерді ескертетін жол белгілері орнатылған», - деп жазды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.