Күдіктінің бұл әрекеті теракт болуы мүмкін
Норвегияның Конгсберг қаласында белгісіз адам садақтан оқ атып, бірнеше адамды мерт қылды. Көп ұзамай тәртіп сақшылары оны қолға түсірді, деп хабарлайды «Интерфакс».
Құқық қорғау органдарына ер адамның қару-жарақпен, садақпен және жебемен жүргені туралы хабарлама түскен. Арада жарты сағат өткеннен кейін ол қамауға алынды. Полиция күдікті мен қаза тапқандар жайлы толық ақпарат таратпай отыр. Күдіктінің бұл әрекеті теракт болуы мүмкін.
Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Шабуыл болған аудан тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берілді.
Ресми түрде қаза тапқандар мен жараланғандардың саны көрсетілмеген, бірақ VG ақпарат көздеріне сәйкес кемінде төрт адам қайтыс болған.