Көліктердің маркасы мен түсі де бірдей
Қарағандыда ер адам басқа біреудің көлігін өз көлігімен шатастырып мініп кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне 10 қазанда 35 жастағы қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреудің үй ауласынан көлігін ұрлап кеткенін жеткізді. Келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құрады.
Аталған факт бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері ізін суытпай күдікті – 27 жастағы ер адамды ұстады.
Ұсталған адам басқа біреудің көлігін жүргізіп жүргенін білгенде қатты таң қалды. Анықталғандай, ер адам өз көлігімен шатастырып, бөтен көлікті мініп кеткен. Көпқабатты үйдің ауласында маркасы мен түсі бірдей екі көлік қатар тұрған. Тіпті көліктің оталдыру кілті де бірдей болған. Тек жалғыз айырмашылық – мемлекеттік тіркеу нөмірі ғана өзгеше.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам автокөлікті ұрлау ойында болмаған. Қылмыстық істің болмауына байланысты іс тоқтатылды.