Татарстанда жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, 16 адам қаза тапты
Апаттан тірі қалған 6 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді

10 қазан күні таңертең Татарстан аумағындағы Мензелинск РЭС базасы маңында жеңіл қозғалтқышты L-410 ұшағы апатқа ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша, бортта 22 адам, оның ішінде 20 парашютші болған. Ұшақ апатынан тірі қалған 6 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Мәскеу уақыты бойынша сағат 09:23-те жеңіл моторлы ұшақтың құлағаны туралы хабарлама түскен.
ТАСС агенттігіне сұхбат берге дереккөздің айтуынша, ұшақ жергілікті ұшу клубының аэродромынан ұшып шыққаннан кейін-ақ бірден апатқа ұшыраған. Оның сөзінше, ұшақ небәрі бір шақырымнан аса қашықтықты ұшып өткен.
«Авиациялық қызмет өкілдері хабарлағандай, ұшақтың апатқа ұшырауына жолаушылар санының артық болуы себеп болуы мүмкін. Әуе кемелерінің ақаулары мен экипаж қателікері туралы нұсқалар да қарастырылады», - делінген хабарламада.
Ұшақ жерге құлаған соң өрт шықпаған. Алайда тұмсығымен құлағандықтан, алдыңғы бөлігі түгелдей қираған, ал артқы жағы еш зақымданбаған.
Апат салдарынан барлығы 16 адам қайтыс болды, 6 адам аман қалды. Алайда зардап шеккендердің қазіргі жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Қазіргі уақытта апат себептері анықталып жатыр.
Татарстан президенті Рустам Минниханов ұшақ құлаған жерге ұшып кетті.
Айта кетсек, 19 жолаушыға дейін отыруға рұқсат етілген қос қозғалтқышты L-410 «Turbolet» ұшағы 1987 жылдан бері қолданыста болған.