$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.10.2021, 23:52
Оқиғалар

Түркістан облысында полицейдің қойын баққан жігіт асылып қалды

Марқұмның туыстары бұған тәртіп сақшысын кінәлап отыр

Түркістан облысында полицейдің қойын баққан жігіт асылып қалды

Түркістан облысында полиция қызметкерінің малын баққан 28 жастағы жігіт асылып қалды деп хабарлады КТК телеарнасы. Қара жұмысқа ол қарызын қайтару үшін жегілген екен. Марқұмның ата-анасы болса оның суицид жасауына полицей кінәлі дегенді айтып отыр.

Бақытжан Оңалбеков тәртіп сақшысынан үнемі таяқ жейтінін айтып жақындарына бірнеше мәрте шағым да айтқан екен. Қара жамылған отбасы құзырлы орындардан тергеудің әділ өтуін талап етуде.

Жесір қалған Нұрбибі Садықованың айтуынша, полицей Бақытжанның мойнына «қой жоғалды» деп қарызды іле берген. Қыркүйекке дейін жұмыс істеуі тиіс жұмысшыны ол осылайша жібергісі келмеген көрінеді. Бақытжан бірнеше рет қашып үйіне келгенімен, тәртіп сақшысы оны тауып алып, малға қайта жегіпті.

Анасы Аягөз Бердәлиева болса ұлының денесінде көгергеннің бірнеше ізі болғанын айтады. Жер алып, үй саламын деп жоспарлап жүрген жігіттің өзіне қол салуы мүмкін емес дейді ол.

«Денені тапқан кезде жіп спорт костюмінің сыртында тұрды, бірақ мойнындағы ізі жіптің ішінен оралғанын анық көрсетіп тұр. Қасақана өлтірген сияқты», - дейді марқұмның анасы.

Бақытжанға малын бақтырған полиция майоры Ерқасым Еркінбайұлы болса өлімге еш қатысым жоқ деп, ат-тонын ала қашты. Десе де, Түркістан облыстық Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасы оның үстінен қызметтік тексерісті бастап кетті. Сондай-ақ, аталған жайт бойынша «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Серіктес жаңалықтары