$ 495.28  538.32  5.77
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.10.2021, 13:10
Оқиғалар

Алматыдағы сот орындаушылары боксшы Жанқош Тұраровтан қоқан-лоққы көргенін мәлімдеді

Сот орындаушысы мен борышкер арасында тағы да дау туды

Алматыдағы сот орындаушылары боксшы Жанқош Тұраровтан қоқан-лоққы көргенін мәлімдеді

Алматыда жеке сот орындаушысына қатысты тағы бір келеңсіздік болды. Бұл жолы да борышкер сот шешімін орындаудан бас тартып, оқиғаның арты төбелеске ұласқан. Сот орындаушысына бокстан белгілі әлем чемпионы Жанқош Тұраров қоқан-лоққы көрсеткен екен. Ал полиция қызметкерлері оқиға орнынан тайып тұрды. Бұл туралы @kozachkow telegram каналында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Белгілі болғандай, борышкер жер үйге жапсарлас салынған заңсыз құрылысты бұзудан тартқан. Республикалық сот орындаушылар палатасының берген ақпараттарына сүйенсек, сот орындаушысына өндіріп алушы тарап, яғни борышкер Байболғанованың көршісі жүгінген. Өйткені жапсарлас құрылыс оның үйіне құлап кету қаупін төндірген. Сондай-ақ, заңсыз салынған құрылыс бөлігінің тиісті нормаларға сай келмейтіндігі туралы уәкілетті органдардың қорытындылары бар екен.

Осылайша жапсаржайды (пристройка) бұзу бойынша атқарушылық іс-шаралар 4 қазанға сағат 11:00-ге тағайындалыпты. Сот орындаушысы аталған мекенжайға полиция қызметкерлерімен бірге барған. Осы кезде тәртіп сақшыларының көзінше белгісіз адамдар сот орындаушысына қысым жасап, күш көрсеткен.

«Жеке сот орындаушысы А. А. Ермеков өз міндетін атқару кезінде оған шабуыл жасалды. Бізге Алматы қаласы Бостандық ауданы, Виноградная көшесі, 3/1 мекенжайындағы орналасқан үйге жапсарлас салынған құрылысты бұзу қажеттілігі Бостандық аудандық сотының осы жылдың 1 қыркүйегінде шығарылған шешімі келіп түсті. 3 қыркүйек күні борышкер Байболғанова Эльмира Пернебайқызына оған қатысты «атқарушылық іс жүргізу» қозғалғаны және жапсаржайды бұзу бойынша міндет жүктелгені туралы тиісті түрде хабар берілді. Сот шешімін орындаудан тікелей жалтару мақсатында Э. П. Байболғанова 29.09.2021 жылы үйді үшінші тұлғаға заңсыз тіркеді. Сот орындаушысы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңды дауыстап оқып жатқан кезде Мақсат Ысқақов оған кедергі келтіріп, құрылысты бұзуға жол бермейтінін айтты», - делінген жауапта.

Бұдан кейінгі кикілжің видеоға түсірілген. Бейнежазбада жеке сот орындаушысы Ермековтың жанында тұрған азамат оған бүйірінен бірнеше соққы берген. Палатаның айтуынша, полицейлер төбелеске араша түсудің орнына оқиға орнынан тайып тұрған. Сот орындаушысының Ысқақовты ұстау туралы талабына полиция қызметкерлері әрекетсіздік танытқан. Өз кезегінде Ермеков ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазғанын жеткізген.

Оқиғаға қатысты хабарламада сот орындаушысы мен өзге де тұлғаларға қысым көрсету үшін Ысқақовтың бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровқа хабарласқандығы туралы деректер көрсетілген.

«Ысқақов бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровты оқиға орнына шақырды. Тұраров келгеннен кейін сот орындаушысынан Мақсат Ысқақовтың үстінен жазған арызын полициядан кері алуды талап ете бастады. Сондай-ақ, Жанқош Тұраров сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерін былыққа теңеп, оған қоқан-лоққы көрсетті. Осы тұста Ермековке Ысқақов пен Тұраров күш көрсетіп, өзге сот орындаушыларды да ұрып-соға бастады. Атқарушылық іс жүргізу бойынша өндіріп алушыға да тікелей қысым көрсетіліп, оны сот актісінің талаптарын орындаудан бас тартуға мәжбүр етті. Болған жайтты ескере отырып, жапсарлас құрылысты сол күйі бұзуға мүмкіндік болмады»,- делінген хабарламада.

Azattyq Rýhy тілшісі болған оқиғаға қатысты споршы Жанқош Тұраровқа хабарласып көргенімен,  әлем чемпионы тұтқасын көтермеді.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары