Түркістанда әріптесінің атынан несие алған бойжеткен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл дерек алаяқтық бабы бойынша тіркелді

Фото ашық дереккөзден

Түркістан полицейлері әріптесінің атынан несие рәсімдеген күдікті бойжеткенді ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Төлеби аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс адам оның атынан 90 мың теңге онлайн несие алған. Яғни жәбірленуші банк қосымшасынан хабарлама келгенде өзге біреудің несие алғанын біледі. Содан бірден тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған дерек ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Төлеби ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді.

Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Белгілі болғандай күдікті бойжеткен жәбірленушінің әріптесі болып шықты. Қазіргі таңда бойжеткенге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді.