Түркістанда жеңгетайлықпен айналысқан алты адам анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Апта бойы «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында жеңгетайлықпен айналысқан алты адам, сол сияқты жеңіл жүрісті 30 адам анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Түркістан облысының полицейлерімен апта бойына «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталмыш шараның негізгі мақсаты – жеңгетайлыққа, адам саудасына және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты қылмыстарды ашу және алдын алу, ескерту. Сондықтан жыл басындағы және өткен аптада ұйымдастырылған «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 6 жеңгетайлық жайты мен 30-ға жуық жезөкшелікпен айналысқан жеңіл жүрістілер анықталды», - деп атап өтті.

Түркістан облысы полицейлерінің айтуынша бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.