Шетелдіктердің біреуінде жеке басын куәландыратын құжат болмаған
Қостанай полициясы шетелдік азаматтардың мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту әрекетінің алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, облыс аумағындағы «Учаске» жедел-алдын алу шарасы мен көші-қон бақылауының күшейтілген шаралары аясында 2021 жылдың 1 қазанында полиция қызметкерлері ҚР Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесуге дайындық жасау фактісінің алдын алды.
«Ақшалай сыйақы үшін Ауғанстан Ислам Республикасының 2 азаматын еліміздің шекаралық ауданына жеткізуге көмек көрсеткен қазақстандық азамат анықталды. Шетелдіктердің біреуінде жеке басын куәландыратын құжат болмаған», – делінген ПД хабарламасында.
Аталған факт бойынша ҚР азаматының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлімімен (заңсыз көші-қон ұйымдастыру) қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарына қатысты тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.