Павлодарда пәтерде өрт болып, ер адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Екі адам жанып жатқан пәтерден сыртқа шығып үлгерген

Павлодарда пәтерде өрт болып, ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін түнде сағат 03:01-де Украинская көшесі, 97 мекенжайы бойынша өрт туралы қоңырау түскен. Бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында төрт бөлмелі пәтерде 8 шаршы метр аумақта жиһаз жанып кеткен. 

Өрт сөндірушілер келгенге дейін пәтер иесі, 1962 жылы туған ер адам мен жұбайы - 1966 жылы туған әйел өздігінен  сыртқа шыққан. Апаттар медицинасы орталығының бригадасы оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсеткен соң Павлодар қаласының № 1 ауруханасына жеткізді.

«Өрт сөндірушілер ас үйден пәтер иесінің тіршілік белгілері жоқ 1987 жылғы ұлының денесін тапты», - делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер подъезден 12 адамды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады. Өрт сағат 03.47-де сөндірілді. Болжам бойынша, өрттің шығуына темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болған. Өлімнің себебі мен  келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

Оқиға орнында жеке құрамнан 22 қызметкер және 7 техника, ТЖД сынау өрт зертханасы, апаттар медицинасы орталығы, "102" қызметі жұмыс істеді.