Петропавлда жасөспірімді әкесінің көз алдында жүк көлігі басып өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Велосипедпен келе жатқан қыз жүк көлігінің  астына түсіп кеткен

Петропавлда велосипед мінген 12 жасар қызды «КамАЗ» қағып кетті. Жүк көлігінің астында қалған спорт мектебінің тәрбиеленушісі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға таңғы сағат он шамасында Бескөл кенті маңында болған. Әуежай жақтан шыққан велоспорт мектебінің бес тәрбиеленушісі үйреншікті бағытпен келе жатқан. Жас спортшыларды бастаған жаттықтырушы «Газель» көлігімен алда жүріпті. Ал «КамАЗ» спортшылармен бір бағытта келе жатқан.

Қалай болғаны белгісіз, 12 жасар қыз жүк көлігінің  астына түсіп кеткен. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал жол бастап жүрген жаттықтырушы қайтыс болған қыздың әкесі екен.

«Оқиға орнына Қызылжар ауданының жедел тергеу тобы шыққан. Аталған факті ҚК 345-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімдемесіне енгізілген. Барлық қажет сараптама тағайындалды», - деді СҚО ПД аға инспекторы Баян Байғаскина.