Атырауда егіз бала терезеден құлаған үйге тексеру жүргізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Егіздердің бірі көз жұмып, бірі ауруханада жатыр

фото: azh.kz

Атыраудағы Береке ықшам ауданында 3-қабаттың терезесінен бір жастағы егіз сәби құлағаннан кейін (бірі қайтыс болды, екіншісі ауруханада), Атырау облыстық ТЖД қызметкерлері ол жерде рейд жүргізді, деп хабарлайды azh.kz.

Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып тұрған кезде салына бастаған бұл «бюджеттік» үйлерде әлеуметтік осал отбасылар, сондай-ақ жалға алушылар тұрады. Қайғылы оқиға болған №45 үй тұрғындарының айтуынша, егіздердің ата -анасы осы жерде пәтер жалдап тұрған. Олар қайғылы оқиғадан кейін дереу көшіп кеткен.

«Жұмыс істейтін жас отбасы ғой. Балаларымыз аулада ойнап жүрген. Кенет жүгіріп келіп, біреудің жоғарыдан құлап кетті деп айқайлады. Шығып, осындай жағдай болғанын көрдім. Ол кезде құлаған сәбилер тірі болды, кейін біреуі ауруханада көз жұмғанын естідім. Қиын жағдай...», – дейді есімін атамауды жөн көрген көршісі.

Жағдай былай болған: анасы кешкі ауысымға жұмысқа кетіп, егіздерді әкесіне қалдырып кеткен. Әкесінің көзі ілініп кеткенде, егіздер терезе алдына шығып, құлап кеткен.

«Оқиғаны естіп, есеңгіреп қалдық. Періште бүлдіршіндер ғой. Екінші бала аман-есен жазылып шықса екен деп тілейміз», - дейді екінші көршісі.

Azh.kz тілшісі үйдің тұрғындарымен тілдескен. Рейд мақсаты – кішкентай балаларға жіті бақылау керек екенін, оларды қорғалмаған терезеге жақындатуға болмайтыны туралы ересектерді сақтандыру.

Рейдке қатысушылар бесінші қабаттағы пәтердің есігін қақты.

«Үйде ешкім жоқ. Папа-мама жұмыста, бізді сыртымыздан кілттеп кетті», - деген бала дауысы естілді есіктің ар жағынан.

ТЖД бас маманы Дәурен Берденовтің айтуынша, жыл басынан бері Атырауда 5 бала терезеден құлап, үшеуі жарақат алып, екеуі қайтыс болған.