Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ
Шымкентте тоғыз қабатты тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды 24.kz.
2021 жылдың 27 тамызында сағат 18:02-де «101» пультіне Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұрсат-2 шағынауданындағы пәтердің жанғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, осы хабарлама бойынша 18 сағат 03 минутта 1-шақыру бойынша күштер мен құралдар жіберілген.
Алғашқы өрт сөндіру тобы 18 сағат 15 минутта келген кезде 55 шаршы метр алаңда сыртқы қаптама мен 18 шаршы метр пәтердегі асхана жанып жатқаны анықталды. Өрттің жалпы көлемі 73 шаршы метр құрады. Учаскелер жақын жердегі өрт гидранттары арқылы сумен жабдықталды. 18 сағат 30 минутта өрт оқшауланып, 18 сағат 48 минутта толығымен сөндірілді.
«Қауіпсіз аймаққа 28 адам, оның ішінде 8 бала көшірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі мен материалдық залалдың мөлшері анықталуда»,- делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ТЖД 28 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды: апаттар медицинасы орталығы филиалының 3 қызметкері және 1 бірлік техникасы, энергетика қызметінің 1 авариялық бригадасы тартылды.