Күдікті жарылыс аумағында зардап шеккендер, оның ішінде дене мүшелері бөлшектеніп қалғандар көп деген
Жамбыл облысында болған жарылыс туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан 26 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 тамызда интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында Instagram желісінде белгісіз біреудің дауыстық сүйемелдеумен видео жариялағаны анықталды.
«Ер адамның айтуы бойынша, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің аумағында болған жарылыстарды оның қуатына байланысты жою мүмкін емес, көптеген зардап шеккендер, оның ішінде дене мүшелері бөлшектеніп қалғандар да бар деген. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері облыстың 26 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы «Қоғамдық тәртіпті бұзу, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану қаупін тудыратын жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Мұндай қылмысты жасағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.