Тұрғынның айтуынша, дүкендердегі әлеуметтік нанның ешбірінің салмағы 600 грамға жетпейді
Тараз тұрғыны наубайханашылардың қулығын әшкереледім дейді. Фатима Еркебекованың сөзінше, олар әлеуметтік нанды салмағына жеткізбей сатып жатыр екен. Өзі бұл бассыздыққа бірнеше мәрте көз жеткізгенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Құрбысын ертіп алған Фатима Еркебекова ерінбей әр дүкенді аралап, әлеуметтік нанды таразыға тартып көрген. Сөйтсе ешбірінің салмағы 600 грамға жетпеген. Бұған наразылық білдірген тұрғын наубайханашылар жұртты алдап отыр деп санайды. Ол ас атасының өлшемі әртүрлі болғандықтан, бағасы да соған сәйкес болуы тиіс деп есептейді. Яғни, бір бөлкеге 90 теңге деп бекітілген бағаны өнімнің жеңілдігіне қарай арзандату керек деген пікірде.
Ал ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері наубайшылар тұрғындарды алдаған жоқ дейді. Өйткені талап бойынша олар әлеуметтік нанды 300 бен 600 грамм аралығында пісіріп сатуға құқылы көрінеді. Сондықтан наразылық білдірген тұрғын тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне шағымданса да, бұл іс қарауға жатпайды екен.
«Бұл жерде заңсыз әрекет жасады дегенге негіз жоқ. Шағымданған жағдайдың өзінде 600 деп жариялап, одан төмен сатылған жағдай болса, әрине, ол кезде қаралуы тиіс. 500-550 гр - Қазақстан бойынша нанның салмағы», - деді Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Марас Сейдібаев.