Түркияға көмекке барған ресейлік өрт сөндіргіш ұшақ апатқа ұшырап, 8 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді

Түркияда ресейлік Бе-200 өрт сөндіргіш ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан ешкім аман қалмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

NTV телеарнасының хабарлауынша, ұшақ Мұғла ауданындағы өртті сөндіруге атсалысқан. Ұшақпен байланыс өртті сөндіре бастаған кезде жоғалған. Суды алғаннан кейін ұшақ қажетті биіктікке көтеріле алмай, құзға соқтығысқан.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Бе-200 Адана қаласы маңына қонбақ болған кезде апатқа ұшыраған. Борттың ішінде 8 адам болды: бес ресейлік әскери және өрт ошақтарын нұсқаушы түркиялық үш өкіл.

Қазір оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді, сондай-ақ ресейлік елшілік қызметкерлері де барады.

Еске салсақ, Ресей Түркияға көмек ретінде өрт сөндіргіш ұшақтарын жіберген елдердің бірі болды. Жақында Қазақ елі де бауырлас Түркия еліне көмек қолын созып, өрт сөндіретін екі ұшақ жіберді.