Мұздатқыштағы нәресте өлімі: сотталушылардың барлық өтініші қабылданбады

Автор: Azattyq Rýhy

Келесі отырыс 16 тамызға белгіленді

Фото: azh.kz

Атырауда облыстық перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлеріне қатысты апелляциялық процесс жалғасуда. Сот сотталғандар мен олардың адвокаттарының бірнеше өтінішін, оның ішінде соттың бүкіл құрамынан - Сандуғаш Сүлейменова, Дина Тұхфатова және төраға Тәтті Уалиевадан бас тарту туралы қайтадан берілген өтінішті қарап шықты, деп хабарлайды azh.kz.

Перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев жария емес тергеу әрекеттерінің бүкіл материалы мен сот-медициналық сараптаманың қайталама комиссия қорытындысын заңсыз деп тануды, сонымен қатар, оның пікірінше, процессуалдық прокурор заңсыз тағайындалғандықтан қылмыстық істің бүкіл материалын заңсыз деп тануды сұрады.

Акушер-гинеколог Асқар Қайыржан да прокурор Магомед Есенболатовтың қатысуымен қаралған қылмыстық істің барлық құжатын заңсыз деп тануды өтінді. Қайыржанның пікірінше, бұл прокурор процестен шеттетілгеннен кейін бірінші сатыдағы сот істі қайта қарауы керек еді.

Адвокаттар - Талғат Мұқатанов пен Нұрлан Жолболов кешенді сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қайтадан өтініш берді.

Прокурор Лаура Саматова барлық материал бірінші сатыдағы сотта қаралғанын және оларға құқықтық баға берілгенін алға тартып, барлық өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Атап айтқанда, Есенболатовқа қатысты ол:

«ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 337-бабының 3-тармағына сәйкес, егер сот талқылауы кезiнде прокурордың одан әрi қатысуға мүмкiндігі жоқтығы анықталса, ол алмастырылуы мүмкiн. Iске жаңа прокурордың кiрiсуi осы уақытқа дейiн сотта жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды, бiрақ прокурордың өтiнiшхаты бойынша сот оған iстiң материалдарымен танысу үшiн уақыт бере алады. Демек, сот пен прокуратура тарапынан заң бұзушылықтар болмаған», - деп мәлімдеді.

Қысқа үзілістен кейін сот барлық өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыны оқыды. Алайда, сотталған дәрігерлер бұған келіспей, соттың барлық құрамына қарсылық білдірді. Бұған дейін Жоғарғы соттың осыған ұқсас алдыңғы өтінішті қабылдамағандықтан, бұл өтінішті де қабылдаудан бас тартты.