Күдікті бұрын сотты болмаған 61 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты
Ақмола облысы Сандықтау ауданы Веселое ауылындағы жергілікті дүкендердің бірінен ақша ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен соң, учаскелік инспекторының көмегімен ұрлық әшкере болды, деп хабарлайды aqmolanews.kz.
Полицияға дүкеннің 53 жастағы иесі белгісіз тұлға сатушыдан 10 мың теңге көлемінде ақша қаражатын жымқырғаны туралы арызданған.
Полиция аға лейтенанты Айсин Мақсат ауланы аралау нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын сотты болмаған 61 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, ол өз ісін мойындады.
«Дүкенде болған кезде ауыл тұрғыны сатушы қосалқы бөлмеге кеткен сәтті пайдаланып, кассадан ақша ұрлаған. ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі іс басталды. Келу міндеттемесі түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада.