Кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр
Алматы облысында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қоластындағы қыметкерінің қылығы үшін жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облыстық департаментіне сілтеме жасап.
Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінген. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Айта кетейік, аталған бөлімнің бастығы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, карантин кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мыңнан бастап 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған.
Олардан бөлек тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Осы қылмыстық істің негізінде Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы қала әкімінің қатысуымен кеңес өткізді. Оның нәтижесінде тиісті бақылау жасамағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова қызметінен босатылды.
«Әкімнің орынбасары кеше жұмыстан шығарылды. Кінәлі тұлғалар бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», - деді департаменттегілер.