Тасқаладағы трагедия: «ҚазТрансГаз» өкілдері пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Тасқала ауылында газ жарылып, өрт салдарынан 49 жастағы әйел көз жұмды

фото: azh.kz

2 шілдеде қала маңындағы Тасқала ауылында газ жарылып, өрт салдарынан 49 жастағы әйел көз жұмып, сәл кейінірек оның 12 жасар баласы жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Енді осы төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін жүргізілген сараптама нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды azh.kz.

Мұның себебін түсіну маңызды болды. Өйткені бастапқы нұсқа бойынша, газ плитасын пайдалану кезінде үй иелері қауіпсіздік ережелерін бұзған деді, бірақ зардап шеккендердің туыстары өртке жер астынан жүргізілген газ құбырының зақымдануы себеп болды дейді. Сараптама олардың айтқаны дұрыс екенін көрсетті, бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы бұған өздерін кінәлі емеспіз деп есептейді:

«Бұл отбасы біздің филиалдан газ қондыру үшін арнайы рұқсат қағазын алып, газ желісіне қосылған. Қайғылы оқиға болмас бұрын бұл отбасы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылыту қазандықтарын басқа жерге ауыстырған. Бұл жөнінде бізге ескертуі қажет еді, қызметкерлеріміз тексеріс жұмыстарын жүргізіп, қайтадан рұқсат беретін еді. Жөндеу жұмыстары кезінде газ құбыры зақымдалып, салдарынан қайғылы жағдай орын алып отыр», - деп жауап берген.