Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды
27 шілдеде Белоусовка ауылының 25 жастағы тұрғыны Өскемен қалалық полиция басқармасының Ертіс бөліміне хабарласып, кішкентай ұлының жоғалып кеткені туралы айтқан. Осы хабарламадан кейін полиция өкілдері баланы іздеуге кіріскен.
25 жастағы жас әйелдің айтуынша, 5 жасар Миша Қазақстан көшесінде орналасқан «Донер» кафесінде болған. Сосын ойын алаңынан кетіп қалған.
«Әйелдің айтуынша, баланың тұрғылықты жері - Өскемен қаласындағы Протозанов көшесінде екен. Бірақ, іздеу барысында анықталғандай, бала ешқашан бұл мекен-жайда тұрмаған. Одан бөлек, әйел кафенің де мекен-жайын дұрыс айтпаған. Ол айтқан мекен-жайда EVIM дүкені орналасқан. Одан кейін баласын «Электротовары» дүкені орналасқан ауданда тұратын бұрынғы күйеуі алып кетуі мүмкін деген болжам айтты. Бірақ, оның да нақты мекен-жайын айта алған жоқ», - деп хабарлайды Өскемен қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Аға лейтенант Айзар Қазбеков әйелдің айтуы бойынша барлық мекен-жайды аралап шыққан. Бірақ, ол шатасып, еш жерді нақтылап айта алмаған. Кейін барып, ол ішімдік ішкенін, мас күйде екенін, баласы жоғалғаны туралы оқиғаны ойдан шығарғанын айтқан.
Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 438-бабы 1-бөлігі бойынша (арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру) әкімшілік хаттама толтырылған.