Әлеуметтік зерттеулер вакцинаға қарсы тараптың саны соншалық көп емес екенін көрсеткен
«Ашық диалог» сұхбатының кезекті санында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев антиваксерлер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ешқандай да «мыстан аулау» болмайды. Бұл жерде әңгіме түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу туралы болып отыр. Түсінсеңіз, антиваксерлер өздері екпе алғысы келмейтінімен қоймай, айтарлықтай агрессивті насихат жүргізіп жатыр. Фейк жаңалықтарды пайдаланып, жалған медициналық фактілерді алға тартуда. Өздерінің жақындары мен туғандарын екпе алғызбауға көндіріп, қысым жасаған жайттар да аз емес. Әрине мұндай жағдайда оларды қасарысушылар демеу қиын», - деді Дәурен Абаев.
Д.Абаевтың айтуынша, осы тақырыпқа жүргізілген әлеуметтік зерттеулер вакцинаға қарсы тараптың саны соншалық көп емес екенін көрсеткен.
«Сарапшылар түрлі пікір айтып отыр. Мысалы, жабық жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар вакцинацияға қарсылардың қарасы көп емес екенін көрсетеді. Оларды ат төбеліндей агрессивті топ деп атауға болады. Сондай агрессивті, белсенді азғантай тарап пассивті көпшілікке қарсы келіп отыр деген сөз. Бірақ осы азғантай топ бір минут та өздерінің ұстанымы дұрыс екеніне күмәнданбай, ұстанымдарын дәлелдеп бағуда», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.