Атырауда емхананың есепшотынан 70 миллион теңге ұрлаған «хакерлер» сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 6 жарым және 5 жылға бас бостандығынан айрылды

Фото: ашық дереккөзден

Пандемия үдеп тұрған кезде Атыраудағы №1 емхананың есепшотынан 70 миллион теңге ұрланған. Жақында №2 қалалық соты осы іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АқЖайыққа сілтеме жасап. 

Емхана есепшотынан 70 миллион теңгенің ұрланғаны туралы былтыр қазан айында белгілі болды. Бұған дейін шенеуніктер ол туралы жақ ашпады. Емхананың коронавирус жұқтырған ондаған қызметкері митингке жиналып, тиісті өтемақы төлеуді талап еткен кезде шындықтың беті ашылды.

Олармен кездесуде денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асхан Байдуәлиев ұрлық туралы хабарлап, полицияның тергеу жүргізіп жатқанын айтты.

Кейін бұл іс бойынша Алматы облысының екі тұрғыны ұсталып, сот болды. Онда Талдықорған қаласының тұрғыны Д.Тұрсынханның «Ladserviceplus 1» ЖШС-ін ашқаны, 3 тамызда Атырау қалалық №1 емхананың есеп бөлімінің қашықтан ақпаратқа қол жеткізу жүйесіне кіріп, өз ЖШС-нің есеп айырысу шотына 70 миллион теңге аударғаны анықталды. Содан кейін ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, сыбайласы А.Әбдірахмановқа берген.

Екі сотталушы да ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі 4-тармағы және 3-бөлігі (Ақпараттық жүйеге заңсыз кіру арқылы жасалған ірі мөлшердегі ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жарым жылға (Д .Тұрсынхан) және 5 жылға (А.Әбдірахманов) бас бостандығынан айыру жазасын алды.

"Жаза тағайындау кезінде А.Әбдірахмановтың бұрын сотталмағандығы, кішкентай төрт баласының болуы, кінәсін мойындауы және шын жүректен өкінуі, қылмысты ашуда белсенді көмек көрсетіп, материалдық зиянды ішінара өтегені; Д.Тұрсынханның бұрын сотты болмағаны, кішкентай баласының болуы жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.