ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Теміржолшылар Маңғыстауға жөнелтілетін шөптің әр вагонына 500 мың теңгеден сұраған

Одан қалса, теміржол бойында тұрғаны үшін әрт вагонға күніне 100 мың теңгеден төлеңдер деп доқ көрсеткен

Қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына жем-шөп жеткізу қиын болып тұр. Түркістан облысында шөп орып, батыс өңірге жөнелтпекші болған еріктілер кедергіге тап болдық деп дабыл қағуда, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Себебі, тасымалдаушы компания мал азығын тиейтін әр вагонға 500 мың теңге төлеңдер деген талап қойған. Одан қалса, теміржол бойында тұрғаны үшін күніне 100 мың теңгеден бересіңдер деп доқ көрсеткен. Соның салдарынан қазір шөп тиелген 5 вагон жіпсіз байланып, тағы сонша шөп шойынжол бойында жатыр. Жұт жайлаған өңірге көмек көрсетпек болған белсенді азаматтардың тасымалдауға төлейтін қаржысы жоқ.

Қуаңшылықтан малы арам қатқан батыс өңіріне шөп жинап жүрген еріктілерге теміржол тасымалдаушысы осыдан бес күн бұрын хабарласыпты. Қайырымды ісен олар қанша вагон қажет болса да, ақысыз шөп жеткізу біздің мойнымызда деп сендірген. Осыдан кейін еріктілер шөп тиелген бес вагонды жөнелтіпті. Бірақ арада үш күн өткенде қайырымды көрінген теміржолшылар сөзінен тайды дейді белсенді азаматтар.

«Кеше осы бес вагонды жіберейін десек, бізге ол бұйрықтың бәрі өзгеріп кетті деп сөздерінен айнып, бес вагонның әрқайсына төлейсіңдер, әр вагонға 500 мыңнан артық ақша төлейсіңдер деп жатыр. Оның тұрғанына екі тәуліктен асып кетті, жай ғана бір вагонға 100 мың теңгеден төлейсіңдер деп жатыр. Ақшасы өсіп жатыр, есепке қойып қойдық сендерді, күніне бір вагон 100 мың теңгеден өсіп жатыр, енді одан көп тұрса, бұдан да көбейіп кетеді деп жатыр», - дейді ерікті Мұрат Солтанбай.

Еріктілер теміржолшылардың сөзіне сеніп шөпті көп алып қойдық дейді. Тиеліп дайын тұрған бес вагоннан бөлек, жанында жантақ, сабан, қамыс пен жоңышқаның тағы да бес вагонға сыятын бумалары жатыр. Ел аударған ақшаға шөпті сатып алу, аудандардан жеткізу мен жүкшілердің еңбегін төлеп жүрген еріктілер егер жол шығынын төлер болсақ, шөп алатын  ақша қалмайды деп отыр.

«Қазір тағы 7 миллион ақша бар менде. 7 миллионның сәл үстінде 12 мың теңге тағы түсіп жатыр, міне. Енді осы қаражатқа шөп жіберуіміз керек. Мына вагондарға ақша алатын болса, қаражаттың барлығы осыған кетейін деп тұр. Одан шөп жіберу тоқтап қалайын деп тұр да. Біз қазір ойланып отырмыз, оны төлеп жіберсек, шөп кетпей қала ма деп тұрмыз», - дейді ерікті Сайлаубай Мейірбеков.

Ал теміржол өкілдері еріктілер мәселені әу баста дұрыс түсінбеген деп отыр. Көмектесейік дегеніміз рас, бірақ бес вагоннан артық тегін жеткізіп бере алмаймыз депті. Ал вагондардың тұрғаны үшін ақша төлеу заңды нәрсе деп түсіндірді.

Онсыз да елдің ақшасына жиылған шөпке бірер вагон беру алпауыт компанияға ауыр мәселе сияқты. Еріктілер қазір 10 вагонға сиятын шөп жөнелтуге дайын дейді.

Төрт түлігі аштан қырылып жатқан Маңғыстау өңіріне көмек көрсетеміз деген ел жем-шөбін әлі де әкеліп жатыр. Бірақ ол шөп батыс өңірге жөнелтілмек түгілі, вагондарға артылмай тау болып үйіліп жатыр. Сондықтан жол шығынын өтеуге қайырымды жандар көмектеспесе, «Қазақстан темір жолынан» қайран жоқ сияқты.