ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 7,5 мың адам коронавирус жұқтырды

Павлодарда заңсыз айналымнан синтетикалық есірткі 100%-ға артық алынды

Жыл басынан бері Павлодар облысында есірткіге қатысты 64 іс анықталды

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу жөніндегі өңірлік ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн тәртібінде халық арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

«Есірткіге қарсы күрестің кешенді әдістері ғана жағдайды тұрақтандыра алады. Мәселенің негізінде әлеуметтік себептер жатыр, сондықтан одан арылу үшін әркім жауапты», - деп атап өтті Олег Крук.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуат Түсіпбековтің айтуынша, жыл басынан бері Павлодар облысында есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 64 іс анықталды, заңсыз айналымнан алынған есірткінің көлемі 63 кг құрады.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері есірткі құралдарын алып қою және сату, есірткі контрабандасы фактілерінің алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жылдың 6 айында 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда синтетикалық есірткілер 100%-ға артық алынды. Оның көлемі – 1 кг 250 гр. Нашақорлық мәселесін талқылауға он бір семинар, 4 дөңгелек үстел, 76 дәріс оқылды», - дейді Қуат Түсіпбеков.

Отырысты қорытындылай келе, кеңеске қатысушылар мүдделі ведомстволардың күш-жігерін тек мемлекеттік органдарды ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарды да тарта отырып біріктіру туралы шешім қабылдады.