Жарнамасын Баян Алагөзова жүргізген қаржы пирамидасының тағы екі өкілі ұсталды
Оларға сенген жүздеген адам миллиондаған ақшасынан айрылды
Алматылық полицейлер ірі қаржы пирамидасын ұйымдастырған тағы екі адамды ұстап, қамауға алды деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD technology» ЖШС, «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС және «MUSHARAKAH CAPITAL» ЖШС қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде, Алматы қаласының полициясы «ACD Tehnology» негізін қалаушы, 1971 жылы туған М. есімді азаматтың ұсталғанын хабарлады.
«Бұрын хабарланғандай, басты тұлға – К. есімді азамат ұсталды және қамауға алынды. Кейінірек тағы екі күдікті – Р. есімді азаматша мен М. есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеуді Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасының тергеушілері жүргізуде. Жоғарыда аталған ЖШС жұмысшыларының қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар бізге мына телефондар арқылы хабарласа алады: 8 777 025 65 86 және 8 701 624 28 24», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Аайта кетейік, бұған дейін «ASTEX.KZ» ЖШС-нің жарнамасын белгілі продюсер Баян Алагөзова жүргізгені туралы жазған болатынбыз. Танымал тұлғаға сеніп қалдық деген салымшылар кейін жер сипап қалғанын айтып шағымданған. Алайда, продюсердің өзі болса аталған жарнамаға 2019 жылы түскенін айтты. Ол кезде компания басшысы Баян Мақсатқызына адал жұмыс істейтінін айтып, көзін жеткізген екен.