Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесе рейд жүргізіп жатыр
СҚО-да жарты жылдың ішінде табиғатты қорғау заңнамасы бойынша 600-ге жуық заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері мүдделі органдармен бірлесе отыра, табиғатты қорғау заңнамасының бұзушылықтарын болдырмау мақсатында рейдтер жүргізуде. Жыл басынан бері аң аулау ережелерін 354 рет бұзу фактісі анықталды. Көп жағдайда солтүстікқазақстандықтар тиісті құжатсыз аң аулайды, атап айтқанда, аңшы куәлігі мен қаруға рұқсат болмай жатады. Жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында қаруды жиналған және оқталған қалпында тасымалдау, масаң күйде аң аулау бар. Соңғы заңбұзушылықтар әуесқой балықшылар тарапынан болған.
«Су бөгеттері мен көпірлердің маңында, көл тармақтарында балық аулауға тыйым салынғанын атап өткен жөн. Алты айдың ішінде облыста балық аулауға тыйым салынған 650 метр моножіптен жасалған ау тәркіленді», – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.
Сондай-ақ, жыл басынан бері заңсыз ағаш кесудің екі фактісі тіркелді. Аққайың ауданында қайыңды рұқсат қағазынсыз тасымалдаған 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ЗиЛ жүк көлігі тоқтатылды. Материал жинастыру барысында 44 жастағы ауыл тұрғыны қайыңды заңсыз кесіп алғаны анықталды, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1 бабы бойынша хаттама толтырылды.
Жалпы алты айдың ішінде СҚО полицейлері табиғатты қорғау саласында 596 түрлі құқықбұзушылық анықтады.