Жасөспірім анасына қоштасу хатын жазып, өзіне қысым көрсетілгенін айтқан
Н.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатта оқитын Дамир Серікұлы 12 желтоқсанда оқу орнынан кетіп, қайта оралмаған. Әзірге интернат директорына сөгіс берілді. Оның қызметінде қалу-қалмауы баланың аман табылуына байланысты дейді Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері.
Қазір Дамирді жүзге жуық адам іздеп жатыр. Олардың қатарында полициямен бірге ерікті азаматтар да бар. Баланың қайда кеткені белгісіз, ол көшедегі камераларға да түспеген. Білім басқармасындағылар Дамирдің тұйық мінезді, тез ренжіп қалатынын айтып отыр.
«Дамирді іздеуге елу шақты ерікті, интернат пен білім бөлімінің отыздан астам қызметкері және 7 полиция қызметкері шықты. Іздеу жұмыстары кезекпен жүргізіліп жатыр. Қаладағы барлық базар мен вокзалдарды аралап шықтық. Енді көшедегі ойын-сауық орталықтарын қарап жатырмыз. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұжым болып іздеп жатырмыз. Мектеп-интернаттың балаларымен де сөйлестік. Ешқайсысы ұрып-соғу оқиғасын растаған жоқ», - деді Алматы қалалық Білім басқармасы Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Жанна Тасирова.
Н.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатта 255 бала білім алады. Олардың 115-і жатып оқиды. Оқушылар дүйсенбі-бейсенбі аралығында, яғни 4 күн осында болады. Қалған уақытта үйлеріне кетеді. Барлық бала тек қала аумағында тұратын отбасылардан жиналған.
Директор Рахмет Нұрахметовтың аталған интернат басшылығына келгеніне он жылдан асқан. Білім басқармасы басшыларының сөзінше, Дамирдың анасы қызметкерлерді үйіне кіргізбей отыр.
«Директорға сөгіс берілді. Бала аман-есен табылса екен деп отырмыз. Бала табылған соң барып директордың ісін қараймыз. Көшедегі камераларға түспеген. Ал, анасының үйінде камера бар екен. Бірақ оны бізге көрсетпей, үйіне кіргізбей жатыр. Баланың хаты анасының қолына қалай түскені белгісіз», - деді Ж.Тасирова.
Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ләззат Жылқыбаеваның сөзінше, биылғы оқу жылында оқушылардан әлімжеттік бойынша бірде-бір арыз не шағым түспеген. Ал, Дамирдің анасы Айгүл Оралбаева баласынан қоштасу хатының WhatsApp арқылы келгенін айтады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы