Жалған қоңырау шалған ер адам ұсталды
Павлодардағы психикалық денсаулық орталығына «жарылғыш зат қойылды». Ер адам аталған мекеме қызметкерімен жанжалдасып қалғаннан кейін бомба қойылғаны туралы қоңырау шалған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 шілдеде сағат 10:50-де Павлодар полициясына облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы телефон қоңырауы түскен.
Оқиға орнына шұғыл ден қоюдың барлық күштері дереу жіберілді.
«Мекемені саперлер тексерген кезде жарылғыш зат табылған жоқ. Эвакуация жүргізілмеді, - деді ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде жедел қызметтермен 35 жастағы павлодарлық анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция ер адамның мас күйінде медициналық мекеме қызметкерімен ұрысқаннан кейін жалған қоңырау шалғанын анықтады.
Айта кету керек, терроризм актісі туралы жалған хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.