Алматы облысында үй тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

«Субару» көлігіне мінген қылмыстық топ өкілдерінің соңғы екі ай ішінде 16 ұрлық дерегіне қатысы бары дәлелденді

Алматы облысының Жамбыл ауданында жүргізілген арнайы шара барысында 4 адамнан құралған қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың Қарғалы, Ұзынағаш және Қайназар елдімекендеріндегі үйлерден ақша, бағалы заттарды, зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық техникаларды ұрлағаны белгілі болды.

«Субару» көлігіне мінген қылмыстық топ өкілдерінің соңғы екі ай ішінде 16 ұрлық дерегіне қатысы бары дәлелденді. Оларды ұстау кезінде қолды болған зергерлік бұйымдар мен ұялы телефондар табылып, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

«Ұсталған күдіктілердің ең үлкені 1988 жылғы болса, кішісі кәмелеттік жасқа биыл толған. Олардың бұған дейін сотталмағаны анықталды. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шегушілерге келтірілген материалдық шығын есептелуде», - деп толықтырды облыстық полицияның ресми өкілі Серік Үпиев.

Күдіктілер аудандық соттың шешімімен қамаққа алынды. Тергеу барысында тәртіп сақшылары олардың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтайтын болады. Топ мүшелеріне тиесілі автокөлік тиісті автотұраққа қойылды.


 Дереккөз: ҚазАқпарат