Көз жұмғандардың бірі – кішкентай бала
Батыс Қазақстан облысында Чапаево – Жаңақала – Сайхин тас жолында ірі жол көлік оқиғасы тіркелді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Екі көліктің соқтығысуы салдарынан төрт адам қайтыс болған. Тағы сегіз адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 1 шілде күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Жолқұдық ауылына жақын маңда болған.
«Жол апаты салдарынан 4 адам қайтыс болды. Олардың бірі жеті жасар бала. Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі Орал қаласынан келе жатқан. Оған қарсы бағытта ВАЗ-2107 автокөлігі болған. Адамдар той-жиыннан келе жатқан, салонда жолаушылар саны көп болған. Сол кезде Lada Granta көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, екі көлік бетпе-бет соқтығысты. Ол жерде жол жақсы, апатқа не себеп болғаны енді анықталады. Бәлкім, жүргізуші ұйықтап кеткен болуы керек», - деді облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Жанболат Жаншин.