25 маусымда Орталық саябақ аумағынан көмілген аңның өлексесі табылды
Қарағанды облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы орталық саябақта көмілген арыстанның неден өлгенін анықтады.
Аутопсия нәтижесі Марс атты арыстанның жұқпалы аурудан өлгенін көрсеткен. Сондай-ақ арыстанның иесі бұған дейін де ветеринарларға жүгінген болып шықты. Жануардың ветеринарлық паспорты, қажетті анықтамалар, соның ішінде профилактикалық шаралар туралы жазбалары бар.
15 маусымда жануар ауырып, ем-дом шараларын ветеринарлық клиника жүргізген. Алайда, 22 маусымда арыстан өлген. Паталого-анатомиялық тексеруден кейін жануардың денесі мал қорымына шығарылып, Бекқари шұңқырына көмілген.
Арыстан панлюкопения сияқты жұқпалы аурудан өлген болуы мүмкін. Бұл - ішектің, мезентерияның және іш қуысындағы сұйықтықтың күйіне қатысты ауру.
Еске салайық, 25 маусымда Қарағандыдағы Орталық саябақ аумағынан көмілген жыртқыш аңның өлексесі табылды. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 28 маусымда Қарағандыда өлі табылған арыстанның иесі анықталды.