Мұздатқыштағы нәресте өлімі: дәрігерлердің апелляциясы Атырауда қаралады

Автор: Azattyq Rýhy

Келесі отырыс 2 шілдеде өтеді

Фото: azh.kz

Атырау облыстық сотында облыстық перинаталды орталық дәрігерлерінің ісі бойынша апелляциялық шағымдарды қарау жалғасты, деп хабарлайды azh.kz.

Еске салсақ, қорғау тарапы істі басқа өңірдің сотында қарауды сұраған еді, бірақ бұл өтініш қанағаттандырылмады.

Бірінші отырыс 14 маусымда онлайн-форматта өтті, бірақ аудармашы болмағандықтан отырыс 21 маусымға ауыстырылды.

21 маусымда сот залында перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлері Қуаныш Нысанбаев, Асқар Қайыржан, Жәмила Құлбатырова және олардың адвокаттары болды. Бұдан басқа, неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаева ZOOM бейнебайланысы бойынша процеске қосылды.

Сандуғаш Сүлейменова, Дина Тухфатова және төраға Тәтті Уәлиевадан тұратын қылмыстық істер жөніндегі алқа отырысты өтініштерді қараудан бастады.

Адвокат Жамбыл Мұқашев қорғалушысының іс материалдарымен таныспағанын мәлімдеп, бастапқыда істің 40 том, содан кейін 43 том болғанын айтты. Оны басқа адвокат Нұрлан Жолболов қолдады.

«Іс Жоғарғы сотқа жолданған кезде, істе 69 том болды. Менің қорғалушыларым Нысанбаев пен Асқар іс бойынша кейбір құжаттарды, CD дискілерді және басқа да тасымалдаушыларды көрмегендерін айтты. Бұл жерде олардың конституциялық құқықтары бұзылып отыр», - деді Нұрлан Жолболов.

Қалған адвокаттар да әріптесін қолдады.

Судья Тәтті Уәлиева оларға қорғаныс тарапының өтініші бірнеше том болғанын түсіндірді.

Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан соттан өздеріне бұрын істе болмаған материалдармен танысуға мүмкіндік беруін өтінді.

Жарияланған 15 минут үзілістен соң сот алқасы облыстық сот ғимаратында сотталғандардың іс материалдарымен танысу кестесі жасалады деген шешім шығарды. Келесі отырыс 2 шілдеде таңертеңгі сағат 10.00-де өтеді.

Оқи отырыңыз: Мұздатқыштағы нәресте өлімі: сотталған дәрігерлердің ісі қайта қаралуы мүмкін

Еске салсақ, 18 қаңтарда Атырауда сот жаңа туған сәбиді алдын-ала келісім бойынша өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлеріне үкім шығарды.

Сот кінәлі деп тауып, перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.

Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаеваны жасалған қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп тауып, үш жылға бас бостандығын шектеу үкімін кесті.