Өткен аптада ғана облыс әкімі осы ғимаратты сақтап қалуға және оны тарихи және мәдени ескерткіштер реестріне кіргізуге тапсырма берген
Семейде Найманбаев көшесі, 187-үй мекенжайында орналасқан ескі жекежай ғимаратын белгісіз біреулер қиратпақ болды, деп хабарлайды Semey News.
Жекежайды бұзу мәселесі мамыр айында басталған еді. Ғимарат иесі оның орнына көпқабатты үй салмақ болған. Өткен аптада Семейде болған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов ғимаратты сақтап қалуға және оны тарихи және мәдени ескерткіштер реестріне кіргізуге тапсырма берген.
Кеше кешкісін көрші үй тұрғындары аталған ғимарат бұрышының қирағанын байқаған. Белгісіз біреулер техника көмегімен ғимарат қабырғасын бұзбақшы болыпты.
"Өткен аптада Даниал Кенжетайұлы бізге ғимарат иесіне басқа учаске беруге тапсырма берді. Тарихи-мәдени сараптама қорытындысын алғанға дейін барлық жұмыстар тоқтатылды. Меншік иелері болған оқиға туралы білмейтіндіктерін жеткізуде. Қазіргі уақытта ғимаратты тарихи және мәдени ескерткіш тізіміне енгізу процесі жүргізілуде. Біз бүгін теңертеңгісін ғимаратты тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізу туралы облыстық комиссия хаттамасын алдық", – дейді Семей қаласының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.
Айта кетейік, жекежайдың іргетасы 1844 жылы қаланған. Онда барлығы 22 бөлме бар. Көне көздердің айтуынша, ғимаратты 1989 жылы бұзбақ болған екен. Семейлік ескерткіш жанашырлары облыстық «Ертіс» газетінің редакциясына хат жолдап, жекежайды бұзбау туралы шешім қабылданған.
"Облыс әкімінің ғимаратты сақтау және мәдени мақсатта пайдалану туралы нұсқауына қарамастан, біз ғимараттың бүгінгі таңдағы тарихи кейіпін көріп тұрмыз. Кеше, күннің екінші жартысында техника келіп, тростар тартылған және трактор көмегімен осындай әрекет жасалған. Бүгін облыс орталығында мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті, онда ескі жекежайға тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін беру туралы шешім қабылдануы керек болған", – деді өлкетанушы Павел Жуков.
Қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың айтуынша, ғимарат иесі іссапарда және болған жағдай туралы білмейді.
Өлкетанушылар құқық қорғау органдарына арызбен жүгінді. Техниканы кім әкелді және жекежайды кім бұзбақ болды, бұл сұрақтар полициямен анықталуда.