Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматыда спирттік ішімдік ішу кезінде тұтанған жанжал салдарынан жұмыстағы серіктесін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 5 маусым күні сағат 20:20 шамасында жалдамалы жұмысшылар арасында төбелес болып, біреуі есінен танып қалғаны туралы хабарлама түскен.
Белгілі болғандай, Құлжа трактісі бойындағы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде жалдамалы жұмысшылар спирттік ішімдік ішіп, соңы жанжалға ұласқан.
«1984 жылы туған Х. есімді азамат Вася есімді серіктесімен бірге спирттік ішімдік ішкен. Жанжал барысында Х. серіктесіне бірнеше рет пышақ сұғып алған, қазіргі уақытта оның жеке тұлғасы анықталып жатыр», - деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.
Ер адам алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабымен «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.