$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.06.2021, 16:57
Оқиғалар

Жыл басынан бері елімізде 34 бала суға ағып қайтыс болды

Бірнеше облыста әлі шомылу маусымы басталған жоқ

Жыл басынан бері елімізде 34 бала суға ағып қайтыс болды
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда жыл басынан бері 34 бала суға ағып қайтыс болған. Сондай-ақ, өрт салдарынан 17 бала көз жұмды. Тағы 84 жеткіншек уланып қалған деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, құтқарушылар Қазақстанның барлық өңірінде алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Мәселен, өзен-суларға 3 390-нан астам қауіпсіздік белгілері орнатылған. Балалар мен жасөспірімдер арасында 115 мыңнан астам үгіт-насихат парақтары таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді.

Алайда, алдын алу жұмыстарына қарамастан жыл басынан бері бала өлімі жиілеген. Мәселен, елордада Есіл өзенінің жағасында құтқарушы болып жұмыс істейтін Қасымтай Манапұлының айтуынша, астаналық балалар шомылауды жаз шықпай-ақ бастап кеткен.

«Біздің аймақта әлі шомылу маусымы басталған жоқ. Соған қарамастан 6-7 жасар балаларға дейін өзен жағасында жүр, бәрі де суға түседі. Ата-аналар бала өміріне селқос қарайды. Өз басым, ата-анасы қасында жүріп суға батқан талай баланы құтқардым. Кейбір ересектер алкогольді ішімдік ішіп алады да, баласының қайда қалғанын ұмытып кетеді. Осындай салғырттық салдарынан қаншама сәби ажал құшты», - дейді Қасымтай Манапұлы.

Темірғали есімді астаналық тұрғын осыдан үш жыл бұрын 7 жасар қарындасынан айрылған. Мектеп жасындағы бала анасымен бірге шомылуға барып, суға тұншығып қайтыс болған.

«Құтқара алмадық. Бұл өлімге мамам өзін кінәлайды, жауапкершілік таныта алмадым дейді. Әрине, бұл тағдыр ғой, маңдайына жазылған санаулы ғұмыры сол шығар. Бірақ, барлық ата-ананы жауапты болуға, бала өміріне салғырт қарамауға шақырамын, тілсіз жау ешкімді кешірмейді», - дейді елорда тұрғыны.

Құтқарушылар да ел тұрғындарын шомылу масумында барынша сақ болуға шақырды. Өйткені, жыл ортасына жетпесе де судан болатын өлім-жітім көрсеткіші былтырғыдан әлдеқайда көп екен.

Елігімай Төнкер, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары