Түркістан облысында іздестіріліп жатқан студенттердің біріне тиесілі сөмке табылды
ТЖМ жоғалған екі туристті іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр
Өгем өзенінің бойынан жоғалған туристердің бірінің сөмкесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Табылған сөмке полиция қызметкерлеріне табысталды. Қазір жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда», - делінген хабарламада.
Студенттерді іздеуге Альпинизм федерациясынан 218 адам бөлінген. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Azattyq Rýhy тілшісіне Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалып кеткен 2 студентті іздестіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.
«Тауда жоғалып кеткен туристерді іздестіруге Өзбекстан ТЖМ құтқарушылары тартылды. Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеу жұмыстары жалғасуда. Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда. Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді. «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасалды. Жалпы 2 мыңнан астам шақырым жер әуеден тексерілді», - деді министрліктің баспасөз хатшысы Талғат Уәли.
Студенттерді іздестіру жұмыстарына облыстың барлық жауапты мекемелері жұмылдырылған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан, ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылды», - деді баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.
28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан