Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысының полицейлері Тәжікстан азаматынан гашишы бар ораманы тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Атамекен шекара бекетінде есірткі сақтаған күдіктінің ұсталғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шықты.
Полиция анықтағандай, Тәжікстаннан келген жүк көлігін тексеру кезінде Икар қызметтік иті жүргізушіден тыйым салынған заттарды тапты. Жедел уәкілдер күдіктіні, яғни Тәжікстан азаматын тінту кезінде қалтасынан өсімдік тектес есірткіге ұқсас заты бар ораманы тәркіледі. Тәркіленген заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі заты жалпы салмағы шамамен бір грамм болатын гашиш болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Күдікті қолхатта. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.