«Шашсыз қала жаздадым»: елордалық бикеш сұлулық салоны қызметкерлерін сотқа бермек

Салон қожайыны елордалықтың шағымына жауап берді

«Шашсыз қала жаздадым»: елордалық бикеш сұлулық салоны қызметкерлерін сотқа бермек
скриншот: видео

Елордалық келіншек сұлулық салонына барып, шашсыз қала жаздаған. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі шағым білдіруге арналған парақшалардың бірінде жариялады.

Шағымданушы қаладағы сұлулық салондарының біріне барып, шашын боятуды көздеген. Алайда нәтижесінде шашы күйіп, бұрымын қидыруға тура келген.

«Мен Қонаев көшесінің бойында орналасқан MILA сұлулық салонына барып, шашымды боятпақшы болдым. 14 мамыр күні аталған процедураның екінші кезеңін жасатуға барып, нәтижесінде шашсыз қалдым. Шашқа жағылған ерітіндіні жуғаннан кейін шаштараз Гулидің аң-таң болған түрін көріп, бір нәрсенің бүлінгенін түсіндім. Артынша менің ұзын шашымның түсіп қалғанын көрдім. Шаштараз Гули маған «шаш деген тіс емес, өсіп кетеді» деген сөздерімен мені сыртқа шығарып жіберді», - деп жазылған шағымда.

Сондай-ақ клиент шашын қайта қалпына келтіру үшін 250 мыңға жуық қаражат жұмсағанын айтқан. Бұдан бөлек, автор сұлулық салонының қызметкерлері еш кешірім сұрамағандықтан, оларды сотқа беретінін жазған.

Өз кезегінде сұлулық салонының иесі әлеуметтік желіде аталған мәселеге қатысты пікірін жазыпты. Айтуынша, шағымданушы шашын өзге салонда боятқан.

«Ол клиенттің бізге келгені рас. Оның шашы бояуға жарамайтындықтан, біз оған өз кеңесімізді айтып, шашына ешқандай бояу жаққан жоқпыз. Содан кейін ол такси шақырып, үйіне қайтып кетті. Шамасы ол басқа сұлулық салонына барып, шашын сол жақтан боятқан болуы керек. Бәлкім шашын сол жерде қиған шығар. Енді сол кінәні біздің мойнымызға іліп жатыр. Бұл ақылға қонымсыз дүние», - деп жауап берді сұлулық салонының иесі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.