СҚО-да 58 жастағы тұрғын әйелін атып өлтіріп, немересін жаралаған
Қазіргі уақытта істің мән-жайын тексеруге бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында 58 жастағы тұрғын өзінің әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
10 мамыр күні сағат 17.15 шамасында Тимирязев аудандық полиция бөліміне тұрғын үйдердің бірінен оқ атылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан 59 жастағы әйелдің денесін тапты. Сондай-ақ, үйде оқ жарақатын алған 14 жастағы қыз бала болған. Ол дереу Тимирязев аудандық ауруханасына жеткізілді.
«Белгілі болғандай, 59 жастағы үй қожайыны алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде әйелімен жанжалдасқан соң, оған «ИЖ» маркалы қарудан оқ атқан. Оқ тиген әйел адам оқиға орнында бірден көз жұмған. Үйде бірге болған немересі де оқ жарақатын алған», - делінген облыстық ПД баспасөз хабарламасында.
Аталған факт «Адам өлтіру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Істің мән-жайын жан-жақты тексеруге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.