СҚО-да шекараны заңсыз кесіп өткен ауғанстандық 4 азамат ұсталды
Не қазақша, не орысша білмейтін шетелдік азаматтар мектепті жуырда аяқтаған екен

СҚО полицейлері шекараны заңсыз кесіп өткен ауған елінің төрт азаматын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
СҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев ҚР-ның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту фактісін анықтауда көмек көрсеткен Петропавл тұрғынына алғыс хат жазып, қолын қойды.
«Қала тұрғыны пәтер бюросы арқылы өз пәтерін жалға берген. Сәуір айының соңында ол өзіне тиесілі пәтердің жай-күйін тексермек болып келеді. Пәтерде тұрып жатқан төрт жас жігіт оның ойында күдік тудырды. Ол бірден полицияға жүгінеді. Көші-қон полицейлері тексеру барысында жігіттердің Ауғанстан Ислам Республикасынан екенін анықтады. Олардың Қазақстанда жүруге еш рұқсат құжаты болмай шыққан»,- деді Петропавл қалалық ПБ АБ бастығы, полиция майоры Дәурен Нығметов.
Оның үстіне, полицейлер тексеріс кезінде шетелдіктердің ҚР мемлекеттік шекарасын Өзбекстан жақтан белгіленбеген жерден заңсыз кесіп өткенін анықтады. Көші-қон қызметінің қызметкерлері жиналған материалдарды Петропавл қалалық ПБ анықтау бөліміне тапсырды.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Не қазақша, не орысша білмейді, біз аудармашы арқылы тілдестік. Айтуларынша, олар мектепті жуырда аяқтаған. Өз елдерінде болашақтарының жарқын боларына күмәнданған жастар Батыс Еуропаға жетіп, босқындар мәртебесін алуды көздеген. Қазіргі уақытта шетелдіктердің ҚР аумағында заңсыз болуының мән-жайы анықталуда»», - деді Дәурен Нығметов.