СҚО-да әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды тақырға отырғызған интернет алаяқтары ұсталды
Облыста жыл басынан интертен арқылы жасалған алаяқтықтың 50 фактісі ашылды.
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі парақшаның көшірмесін жасап, «таныстарынан» қарызға ақша алып, өзгелердің атына несие рәсімдеген интернет алаяқтарына қатысты тергеу амалдары басталды.
Тіркелген фактілердің барлығында банктен қарыз алмақ болғандар азаматтардың жеке куәліктері пайдаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстардың біреуі өзгенің әлеуметтік желідегі парақшасының көшірмесін жасау арқылы жүзеге асырылған. Жапа шегуші желінің арғы бетіндегі танысымен сөйлесіп отырғанына сенімді болған. Ол анасының сырқатына байланысты көмек көрсетуді сұраған. Жапа шегуші микрокредиттік ұйымнан несие алу мақсатында жеке куәлігінің суретін түсіріп жіберген. Өзінің алданып қалғанын кейін ғана білген ол полицияға арызданған.
Тағы бір жағдайда облыс тұрғыны жеке куәлігін жоғалтып алған. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызмет мамандары хабарласып, оның несие рәсімдемек болғанын растауды сұраған. Ол өз құжаты алаяқтардың қолына түскеніні түсініп, бірден құқық қорғау органдарына хабарласқан. Банк қызметкерлері де бұл фактіні полицияға жеткізген.
Осы жағдайдан кейін құқық қорғау органдарына Петропавл қаласындағы басқа банктердің филиалдарынан да осы сынды арыздар түсе бастаған.
«Екінші деңгейлі банктерде күдікті жағдайлар бола қалса, қауіпсіздік қызмет мамандары бір-бірімен хабарласып, полицияға арызданады. Бұл полиция департаменті мен қаржы институттары арасындағы келісімнің беріп отырған жемісі. Тез арада ақпарат алмасудың арқасында күдіктілер бірден анықталды. Алаяқтардан ең жақсы қоғаныс – мұқият болу. Ешқандай жағдайда біреуге жеке куәлік пен банктік карточкаларды сеніп тапсыруға болмайды», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, біреуге ақша аудармас бұрын сол адаммен байланысып тұрғаныңызға көз жеткізуге кеңес береді. Жапа шегушілер өздері жақсы танитын, сенетін адамдарға жеке куәліктерінің көшірмесін беріп, сан соғып қалған жағдайлар да кездескен. Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан интертен арқылы жасалған алаяқтықтың 50 фактісі ашылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО