СҚО-да 6 бірдей үй қора-қопсысымен бірге өртеніп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс әкімі баспанасынан айырылған тұрғындарға көмек берілетінін айтты

Фото: Instagram/soltustkqaz_tjm

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданы Желяково елдімекенінде болған өртке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір басшысы Facebook-парақшасында өрт салдарынан баспанасынан айырылғандарға көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

«Кеше Қызылжар ауданы, Желяково ауылында қураған шөп жанып, 3 тұрғын үй және бос тұрған 3 үй өртеніп кетті. Қатты жел жұмысты қиындатқанымен, өрт сөндірушілер оттың таралуына жол бермеді. Ауылда 51 үй бар. Өрттің себебі анықталып жатыр. Зардап шеккендер туыстарына уақытша орналастырылды, оларға қажетті көмек көрсетіледі», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Қазіргі уақытта еріктілер баспанасыз қалған тұрғындарға қол ұшын созу мақсатымен әлеуметтік желі арқылы киім-кешек, тұрмыстық заттар мен төсек-орын сияқты қажетті заттар жинауға кірісіп кеткен.

Айта кетсек, 2 мамыр күні СҚО Қызылжар ауданы Желяково ауылында түс кезінде шыққан өрт қатты соққан дауыл салдарынан айналаға тараған. Өршіген өрт 6 бірдей үйді қора-қопсысымен бірге тып-типыл еткен. Өрт сөндірушілер дауылды мезгілде тұтанған қызыл жалынды жеті сағат бойы ауыздықтап, әрең сөндірген.