Көпбалалы аналар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап еткен
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің алдында 30-ға жуық әйел баспана мәселесін көтеріп, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің кездесуге шығуын талап етті. Сағат 10-нан бастап түске дейін қала әкімін күткен әйелдер талабы орындалмаған соң, әкімдік маңындағы көлік жүретін көшені жабуға әрекеттенді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әйелдердің жолды жауып тұрған видеосы әлеуметтік желілерде тараған. Олар қолдарына «Баспана берілсін», «Әр балаға 42 500 теңгеден» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан.
Ал, қала әкімдігіндегілер әйелдер әкімдік алдына еш ескертусіз келіп, бірнеше заңбұзушылыққа жол бергенін айтады.
«Таңғы сағат 10-нан бастап әкімдіктің алдына 30-ға жуық әйел келіп, «бізге баспана беріңдер» деп талаптарын қойды. Алдын ала ескертусіз, санитарлық арақашықтық сақтамай, көшені жауып, бірнеше заңсыздыққа жол берді. Олардың арасында Үкіметтен үй алу кезегіне тұрмағандар бар. Әкімдіктің алдына келіп айқайлағандардың мәселесі шешіле бермейді ғой. Біздің тарапымыздан үйлердің тек заң аясында берілетіні түсіндірілді, түсінгендер бірден үйлеріне қайтса, түсінбегендер әкімдік алдында тағы біраз тұрды. Кезекті бұзып, ешкімге пәтер бере алмаймыз. Талаптардың арасында «уақытша пәтермен қамтамасыз етіңіздер» дегендер де болды. Бірақ әкімдіктің ондай қаржылық мүмкіндігі жоқ. Келген қыз-келіншектер «Күн сайын әкімдіктің алдына келеміз» деген мәлімдеме жасады. Қаласа бір апталап тұрсын, бірақ ол әрекетінен ештеңе шықпайды. «Кезек неге тез жылжымайды?» дейді. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 43 мың адам пәтер кезегінде тұр. Жыл сайын әлеуметтік жеңілдік бойынша 100 пәтер берілсе, оның жартысы көпбалалы аналарға, жартысы жетімдерге, Ұлы отан соғысы ардагерлеріне деген санаттағы тұрғындарға заң аясында беріледі», - деді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс.
10 минуттай көлік қозғалысына кедергі келтірген келіншектерді полиция қызметкерлері жол жиегіне шығарған. Талабы орындалмағанына наразы он шақты әйел әкімдік алдына қайта барған.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан