Ағаштағы ақша: Атырау тұрғындары блогердің сыйлығы үшін алаңға ағылды

Автор: Azattyq Rýhy

Халықтың карантин режимін бұзуына себепкер болған блогер кешірім сұрады

atpress.kz

Атырауда облыстық әкімдік ғимаратының алдында азаматтардың жиналуына себепкер болған блогер анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«23 сәуір күні сағат 18:00 шамасында 24 жастағы блогер Instagram желісінде желі қолданушыларына 50 мың теңгені облыстық әкімдік ғимаратының алдында тұрған шыршалардың біріне жасыратынын және оны бірінші болып тауып алған адам ақшаны өзіне алатынын айтып, жар салған», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Нәтижесінде, облыстық әкімдік ғимаратының алдына қала тұрғындары жиналып, карантин тәртібін бұзған.

«Көп ұзамай 24 жастағы блогер анықталып, карантин тәртібін бұзғаны үшін одан түсініктеме алынды. Қазіргі уақытта оған қатысты іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолдау үшін жинақталуда», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, аталған азаматтың автокөлік ішінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлімімен (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы) әкімшілік хаттама толтырылып, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетсек, Instagram желісінде Ахон Бержан деген атпен тіркелген блогердің ерекше сыйлық туралы жазбасынан кейін көлікпен, велосипедпен, жаяу алаңға ағылған жастар «қазына» іздеп, ағаш атаулыны тінтіп шыққан. Блогердің өзі бірнеше минуттан кейін әлдебір тұрғынның темекі қорабына салынған ақшаны тауып, алғыс айтқан видеосын жариялады. Алайда біршама уақыттан соң блогер карантин режимін бұзуға себепкер болған өз әрекеті үшін өкінетінін және Атырау халқынан кешірім сұрайтынын айтып, тағы бір видеосын жария етті.