$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.04.2021, 17:33
Оқиғалар

Кибералаяқтар СҚО жұмысшысын 2 миллион теңгеге алдады

Полицейлер интернет-алаяқтарды іздестіріп жатыр

Кибералаяқтар СҚО жұмысшысын 2 миллион теңгеге алдады
Фото: ашық дереккөзден

Кибералаяқтар СҚО жұмысшысын екі миллион теңгеге алдады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Айыртау ауданында тұратын қарапайым жұмысшы интернет-алаяқтарға екі миллионнан теңгеден астам қаражатын аударған. Ол кең тараған әдіс бойынша алданған. 

Жағымды дауыспен әйел адам хабарласып, онымен банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерінің сөйлесетінін алға тартқан, кейін ер адам тұтқаны алып, алаяқтардың жәбірленушінің шотын бұғаттап тастағанын, енді жаңа шот ашу қажеттігін айтқан. Алаяқ сенімді сөйлеп, психологиялық қысым көрсете отырып, “егер сіз бұлай істемесеңіз, өз ақшаңызды ешқашан көрмейсіз, шотыңыздан осылай жоғалып тұрады” деп иландырған. 

Қулығына көніп қалған ауылдық екі миллион теңгеге несие алып, қаскөйлер көрсеткен карточкаға аударып, құпия сөздерін, sms-хабарламасымен келген кодты берген. Жұмысшы байланыс үзілгеннен кейін ғана алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. 

"Ер адам айланың мұндай амалдарын естігенін, бірақ ескертулерге құлақ аспағанын айтты. Ауданда интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын атап кеткен жөн. Киберқылмыскерлердің белсенділігінің артқаны туралы ескертулер аудандық газет беттерінде, ПБ “Instagram”-дағы аккаунттарында жарияланып тұрады. Жастарды тарта отырып челлендждер өткізіліп, брошюралар үлестірілді. Профилактикалық бейнероликтер ХҚКО және Орталық аудандық ауруханаларда көрсетілуде. Солтүстікқазақстандықтарды полицейлердің ұсыныстарына құлақ асуларын сұраймыз. Қауіп туралы жақындарыңызға, туыстарыңызға айта жүріңіздер. Банк қызметкерлерінің қандай жағдай болмасын, ешкімнен, ешқашан шотта қаржылық операциялар жасауды немесе телефон арқылы құпия ақпараттарды хабарлауды талап етпейтінін естен шығармаған абзал. Осындай қоңырау келіп түскен жағдайда сөйлесуді тоқтатқан дұрыс. Егер сіз шотыңыздағы салымдарыңыздың жағдайын білгіңіз келсе, банкке өзіңізге бару қажет. Сіздер үшін бұл – ең дұрыс қадам", – дейді Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешов. 

Полицейлер интернет -алаяқтарды іздестіріп жатыр. 

Серіктес жаңалықтары