Ақмола облысында мемлекетке 1,7 млрд теңге залал келтіргендер анықталды - прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Олар салықтан жалтару мақсатында жалған шот-фактуралар жазып берген

көрнекі фото: qaz.neonomad.kz

Ақмола облысының прокуратурасы тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстарды орындамай, жалған шот-фактураларды жазу фактілерін анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысының тұрғындары аса ірі мөлшерде бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында бизнестің жекелеген субъектілеріне жалған шот-фактуралар жазып берген.

Аталған факті бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 216-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істі тіркеп, тергеу амалдарын жүргізу Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.

Тергеу барысында аталған тұлғалардың қарсы әрекеттері арқылы мемлекетке 1,7 млрд теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірілгені анықталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тергеу мүдделеріне қатысты басқа мәліметтерді жариялау мүмкін емес.